Кіріспе
«Табиғат – тіршілік бесігі.»
Nature is the cradle of life.
Қазіргі жаһандық кезеңде адам мен табиғат арасындағы қарымқатынас өзекті әрі күрделі мәселеге айналып отыр. Экологиялық дағдарыстар, климаттың өзгеруі, ауаның, судың және топырақтың ластануы, биологиялық әртүрліліктің азаюы сияқты проблемалар – бүгінгі күннің басты сын-қатерлері. Бұл құбылыстардың барлығы адамзаттың табиғатқа деген жауапсыз көзқарасынан туындайтыны анық. Сондықтан XXI ғасырда білім беру жүйесінің алдында тұрған басты міндеттердің бірі – экологиялық дүниетанымы жоғары, табиғатқа жанашыр көзқараспен қарайтын, жауапты ұрпақ тәрбиелеу.
Экологиялық дүниетаным – бұл тек табиғат туралы білім ғана емес, ол — тұлғаның қоршаған ортаға деген көзқарасы, құндылықтар жүйесі, ойлау мәдениеті және әрекет ету принциптері. Экологиялық дүниетанымы қалыптасқан тұлға табиғатпен үйлесімді өмір сүруге ұмтылады, табиғи ресурстарды үнемдеп, қоршаған ортаға зиян келтірмеуді басты қағида етеді. Сондықтан білім беру мекемелерінде экологиялық тәрбие мен білім берудің жүйелі түрде жүргізілуі – уақыт талабы.
Бүгінгі күні білім алушылардың экологиялық санасын қалыптастыру үшін тек ақпарат беру жеткіліксіз. Оларға экологиялық құндылықтарды меңгерту, қоршаған ортаға қатысты нақты әрекеттерге баулу, өз көзқарасын дәлелдеп, экологиялық шешім қабылдай білуге үйрету қажет. Бұл мақсатқа жету үшін түрлі әдістемелік тәсілдер, тәжірибелік жұмыстар, зерттеу жобалары, ойын түріндегі тапсырмалар мен экологиялық жағдайларды модельдеу кеңінен қолданылуы керек.
Осы орайда, ұсынылып отырған “Білім алушылардың экологиялық дүниетанымын қалыптастыруға бағытталған тапсырмалар жүйесі” атты кітапшада білім алушылардың жас ерекшеліктеріне, танымдық қабілетіне және оқу мазмұнына сай іріктелген тапсырмалар мен жаттығулар жүйесі берілген. Тапсырмалар оқушылардың тек экологиялық білімін арттырумен шектелмей, олардың логикалық ойлауын, шығармашылық қабілетін, зерттеушілік дағдыларын дамытуды көздейді.
Кітапшада берілген тапсырмалар:
- • табиғатты танып-білуге деген қызығушылықты арттыруға,
- • экологиялық жағдайларға байланысты нақты шешім қабылдауға,
- • қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарауға тәрбиелеуге,
- • экологиялық мәселелерге сыни тұрғыдан ойлап, өз пікірін ашық жеткізе білуге мүмкіндік береді.
Кітапша мазмұны жалпы орта білім беру бағдарламаларына сәйкес дайындалып, биология, география, жаратылыстану пәндерімен ықпалдаса отырып, оқушылардың экологиялық білімін тереңдетуге арналған.
Жас ұрпақтың бойында экологиялық сауаттылық пен экологиялық мәдениет қалыптастыру – қоғамның тұрақты дамуы мен болашақтың қауіпсіздігіне жасалған инвестиция. Осыған орай, ұсынылып отырған тапсырмалар жүйесі ұстаздарға, әдіскерлерге, экологияны оқытатын педагогтерге, тәрбиешілерге және жалпы білім берудің барлық сатыларындағы мамандарға тиімді әдістемелік көмекші құрал ретінде қызмет етеді деп сенеміз.