Алғы сөз
Қазіргі жаһандық өзгерістер мен табиғи тепе-теңдіктің бұзылуы қоғамды қоршаған ортаға деген жауапкершілікті қайта қарауға мәжбүрлеп отыр. Табиғатты сақтау мен қорғау – тек экология мамандарының емес, әрбір азаматтың парызына айналуы тиіс. Осыған байланысты білім беру жүйесінің алдында маңызды міндет тұр – жас ұрпақтың экологиялық дүниетанымын қалыптастыру.
Бұл кітапша "Білім алушылардың экологиялық дүниетанымын қалыптастыруға бағытталған тапсырмалар жүйесін" ұсыну арқылы экологиялық білім мен тәрбие берудің сапасын арттыруды көздейді. Жинақта биология пәні мен экология тақырыптарына негізделген тапсырмалар, зерттеу-ізденіс жұмыстары, ой қозғайтын сұрақтар мен тәжірибелік бағыттағы жаттығулар жүйеленіп берілген. Әрбір тапсырма оқушылардың қоршаған ортаға деген саналы қатынасын қалыптастыруға, сыни ойлауын дамытуға және табиғатқа жанашырлықпен қарауға бағытталған.
Кітапша авторлары білім алушылардың жас ерекшелігі мен танымдық қабілеттерін ескере отырып, пәнаралық байланыста экологиялық тәрбие берудің тиімді жолдарын қарастырады. Ұсынылып отырған материалдар мектеп мұғалімдеріне, колледж және университет оқытушыларына, сондай-ақ экологиялық білім мен тәрбие беруге қызығушылық танытқан барлық педагог мамандарға арналған.
Табиғат – біздің ортақ үйіміз. Оны сақтаудың ең сенімді жолы – өскелең ұрпақтың санасына табиғатты аялау идеясын ерте бастан сіңіру. Осы кітапша соған аз да болса үлес қосады деген сенімдеміз.