Оқу-тәрбие процесінде экологиялық дүниетанымды қалыптастыру әдістері
«Экологиялық тәрбие – тек білім беру емес, табиғатты сүюді жүрекпен сезіндіру».
Экологиялық дүниетанымды қалыптастыру – тек табиғат туралы білім беру емес, сонымен қатар білім алушылардың ішкі санасы мен құндылықтарын өзгертуге бағытталған кешенді тәрбие процесі. Бұл үдеріс жүйелі, үздіксіз, пәнаралық байланыс арқылы жүзеге асырылады, білім алушының тұлғалық дамуы мен өмірлік ұстанымына әсер етуі қажет.
2.1 ДӘСТҮРЛІ ЖӘНЕ ИННОВАЦИЯЛЫҚ ӘДІСТЕРДІҢ ҮЙЛЕСІМІ
Экологиялық тәрбиеде дәстүрлі әдістер мен инновациялық технологияларды үйлестіре қолдану маңызды. Әр әдіс білім алушының жас ерекшелігіне, таным деңгейіне және сабақ мазмұнына сәйкес іріктелуі тиіс.
Негізгі әдістер:
| Әдіс түрі | Мақсаты мен тиімділігі |
|---|---|
| Сөздік әдістер (әңгіме, түсіндіру, дәріс) | Экологиялық ұғымдарды, заңдылықтарды түсіндіру, теориялық білім беру |
| Көрнекілік әдістері (бейнематериал, макет, табиғи үлгі) | Оқушыны визуалды қабылдауға баулу арқылы қызығушылық ояту |
| Практикалық әдістер (жобалау, тәжірибе жасау, далалық зерттеу) | Іс-әрекет арқылы білім мен дағдыны бекіту |
| Интерактивті әдістер (дебат, рөлдік ойын, экотренинг, “Эко-сот”) | Белсенді әрекетке тарту, экологиялық көзқарас пен шешім қабылдауға үйрету |
2.2 ЭКОЛОГИЯЛЫҚ ДҮНИЕТАНЫМДЫ ҚАЛЫПТАСТЫРУҒА БАҒЫТТАЛҒАН ТАПСЫРМАЛАР ЖҮЙЕСІНЕ ТҮСІНІКТЕМЕ
Білім алушылардың экологиялық санасы мен дүниетанымын қалыптастыруда жүйелі тапсырмалар кешенін ұсыну – білім беру процесінің маңызды құрамдас бөлігі болып табылады. Бұл кітапшада ұсынылып отырған тапсырмалар жиынтығы білім алушылардың экологиялық құндылықтарды ұғынуына, табиғат пен қоғам арасындағы байланысты терең түсінуіне, сондай-ақ жеке және кәсіби деңгейде экологиялық жауапкершілікті арттыруына бағытталған.
Тапсырмалар жүйесі білім алушылардың теориялық білімдерін өмірлік жағдаяттармен байланыстырып, экологиялық мәдениет, тұрақты даму, табиғатты қорғау, қоршаған ортамен үйлесімді өмір сүру секілді маңызды ұғымдарды практикалық тұрғыда меңгеруіне жағдай жасайды.
ҰСЫНЫЛҒАН ТАПСЫРМАЛАР БІРНЕШЕ БАҒЫТТЫ ҚАМТИДЫ:
- Эссе – білім алушылардың экологиялық құндылықтарға жеке көзқарасын қалыптастыруына, ой еркіндігін дамытуына, сыни әрі рефлексивті ойлау дағдыларын жетілдіруіне ықпал етеді.
- Ғылыми жобалар – экологиялық мәселелерді зерттеу, ғылыми болжам жасау және зерттеу нәтижелерін қорытындылау арқылы зерттеушілік құзыреттілікті дамытады.
- Проблемалық тапсырмалар – нақты экологиялық жағдайларды шешуге бағытталған ойлау, сараптау және шешім қабылдау дағдыларын дамытады.
- Экологиялық жағдайларды талдау (кейс-стади) – экологиялық жағдайларды модельдеу, олар бойынша әрекет ету стратегиясын және жауапкершілікке үйрету үшін қолданылады.
- Топтық және жобалық жұмыстар – ұжымдық қарым-қатынасты, көшбасшылықты, бірлескен экологиялық бастамаларды ұйымдастыру және іске асыру тәжірибесін арттырады.
- Экологиялық сауалнамалар мен рефлексия парақтары – білім алушылардың экологиялық көзқарасын, экологиялық әдеттері мен құндылықтарын анықтауға және бағалауға мүмкіндік береді.
- Креативті тапсырмалар мен постер-презентациялар – экологиялық тақырыптарды көркем, визуалды, графикалық немесе мультимедиялық тәсілмен ұсынуға бағытталады.
- Эко-акциялар мен еріктілікке негізделген тапсырмалар – нақты табиғатты қорғау шараларына қатысу арқылы білім алушылардың белсенді азаматтық ұстанымын дамытуға мүмкіндік береді.